Ақтөбеде 129 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шаруалар мен фермерлерге алдын ала ескерту беріп, түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Егер мақсатты игермесе, мемлекет қайтарып алады.

Ақтөбе облысында биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді шаруаларға беру үшін 14 конкурс өтті. Оның нәтижесі бойынша 242 600 гектар жер айналымға енгізілді. Оның 2 900 гектары – егістік. Сонымен бірге жерді мемлекетке қайтару жоспары да орындалып жатыр.
– 2022 жылы 500 мың гектар жерді қайтару міндеті қойылды. Сол жылы 535 мың гектар жер қайтарылды. 2023 жылы 366 мың, 2024 жылы 219 мың гектар қайтарылды. Ал биыл 160 мың гектарды қайтару керек деп тапсырма қойылды. Бүгінде 128 900 гектар жер мемлекеттің босалқы жер қорына берілді, - деді Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов.
Биыл облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жер телімдеріне қатысты 260 материалды қарады. Аудан әкімдіктерінің құжаттары негізінде түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ескерту беріледі. Егер шаруалар алған жерді қажетіне жаратпаса, мемлкетке қайтаруы тиіс.
– Ақтөбеде 6 жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбаған. Оның жалпы ауданы 10 мың гектар болады. Қазір істі сот қарап жатыр, - деді Нұрбол Ержанов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының аумағы 30,1 млн гектарды құрайды. Оның 26,9 млн гектары ауыл шаруашылығы алқабы. 25,3 млн гектары жайылым болса, 707 мың гектары егістік, 494 мың гектардан астамы тыңайған жер.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жаңа мектептің жолы үшін 11 жер телімі мәжбүрлі түрде мемлекет қажеттілігіне алынды.