Ақтөбеде 14 жастағы ананың өміріне жауаптылар жұмыстан шығарылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы да қызметінен кетті. Ал оқушы қыз үйіне оралмай, басқа жерге ауыстырылды.
Ақтөбеде 14 жастағы жасөспірім босанып, салаға жауаптылардың бәрі жұмыстан шығарылды.
- Осы оқиғадан соң неліктен деген сұраққа біз жауап іздедік. Тергеуді өзіміз де жүргіздік. Бірнеше қызметкер жұмыстан босатылды. Аудандық білім бөлімінің басшысынан бастап осыған қатысы бар барлық қызметкерге шара қолдандық. Қызметкерлерді жұмыстан шығарумен шектелмейміз. Жүйелі түрде қадағалау болу керек. «Жан ахуал» орталығы бар, қаржы бөлінді. Ондағы мамандардың да жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Баланың болашағы маңызды. Ата-анасымен де шешім қабылданды. Қазір оқушы қыз басқа жерге ауыстырылды, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров орталық коммуникациялар қызметінде.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы ана атанды. Оның жүкті екенін ешкім білмеген. Тіпті үш рет медициналық тексеруден өтсе де, анықталмады.
Полиция күдіктіні ұстап, қамады. Ол 60-тан асқан ер адам және өгей атасы болып шықты.
Бұған дейін егер білім, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қандай да бір кінәсі анықталса, жұмыстан шығарылатыны туралы айтылды.