Ақтөбеде 19 ауылдық округ және бір ауыл әкімі сайланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбенің 8 ауданындағы 19 ауылдық округ пен 1 ауыл әкімінің сайлауы өтті.

Ақтөбеде 19 ауылдық округ және бір ауыл әкімі сайланды
Фото: Ырғыз ауданының әкімдігі

Кеше Ақтөбе облысының Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Ойыл, Темір, Хромтау, Шалқар, Ырғыз аудандарында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің сайлауы кезінде 8 аумақтық және 35 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Барлығы 20 сайлау округі бойынша 65 кандидат ұсынылғанымен сайлауға 60 кандидат қатысты. Тіркеуге дейін 2 кандидат мемлекеттік қызмет заңнамасының талаптарына сәйкес келмеді. Бір кандидат құжаттарды толық ұсынбады. Тағы біреуі өз еркімен арыз жазып, кандидатурасын қайтарып алды. Бюллетеньдер дайындалғаннан кейін тағы біреуі кандидатурасын алып тастау туралы өтініш берді.

Ақтөбеде 19 ауылдық округ және бір ауыл әкімі сайланды
Фото: Хромтау ауданының әкімдігі

 

- Сайланған әкімдердің 15-і мемлекеттік қызметші, 3-і бюджеттік сала қызметкері, 2-і коммерциялық құрылымдардың қызметкері. 19-ы «АМАNАТ» саяси партиясынан ұсынылды, біреуі өзін – өзі ұсынушы. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46, ең кішісі 31 жаста, ең үлкені 60 жаста,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтық саулау комиссиясы.

Айтып өтейік, сайланған әкімдер арасында 2-3, тіпті 15-16 жылдан бері сол ауылда әкім болып отырған кандидаттар бар.

Еске салсақ, мамырда Ақтөбеде екі қала мен 11 ауыл әкімі сайланды. Сайланған 13 әкімнің 10-ы мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік сала қызметкері, біреуі уақытша жұмыссыз адам.

 

Соңғы жаңалықтар