Ақтөбеде 23 шақырымдық жол жөндеу жұмысы бес жылға созылып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құтикөл-Жарма-Құйылыс-Жайсаңбай бағытындағы аудандық маңызы бар 23 шақырымдық жол жөндеу жұмысы 2021 жылы басталды. Алайда әлі күнге дейін қолданысқа берілмеді.
Ырғыз ауданы Құтикөл ауылының тұрғындары жиналып, мәселе көтерді. Олар аудан орталығы мен ауыл арасын жалғайтын жол жөндеу жұмысының ұзаққа созылғанына наразы.
— Ырғыз-Құтикөл бағытындағы 23 шақырымдық жолдың құрылысы 2021 жылдан бері аяқталмай келеді. 2025 жылы жол құрылысына бөлінетін қаржы қайта қаралып, бөлінді. Мердігер компания анықталып, жұмыстың жартысына жуығы орындалды. Биыл жол құрылысы толық аяқталуы тиіс болғанымен бүгінге дейін жалғасқан жоқ. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, тапсырыс беруші Ырғыз ауданы әкімдігі қажетті қаржыны аудармаған. Ал аудан әкімдігі аударатын қаржы жоқ екенін айтты, — деді тұрғындар. Олар жол аудан орталығымен арадағы байланыс, медициналық көмек, білім алуға мүмкіндік беретін бағыт деп санайды. Әрі тек Құтикөл емес, одан әрі Жарма, Құйылыс, Жайсаңбайға бағыт алған тұрғындар да қолданатынын айтты.
Аудандық маңызы бар жолға қаржы облыстық бюджеттен бөлінді. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, жоба 2021 жылы мақұлданды. 2022 жылы жолды орташа жөндеуге 267 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме — «Абай-Б» ЖШС. Алайда компания келісімшарт міндеттемелерін орындамай, қаржы сот арқылы кері қайтарылды. 2023 жылы жол жөндеу жұмысы уақытша тоқтап тұрды. Ал 2024 жылы жобаға түзету енгізіліп, сол жылы екі учаскеге 900 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылды. 2025 жылы бөлінген қаржы толық игерілді. Биыл атқарылған жұмыстың актісін қабылдап, 100 млн теңгеге аударылады.
— 0–15 және 15–23 шақырым аралығындағы жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2025 жылы жол негізін дайындау және тегістеу жұмыстары орындалып, қажетті құрылыс материалдары дайындалды. Биыл жол жиектерін ретке келтіру және асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарын аяқтау жоспарланды. Жұмысты жалғастыру мақсатында мердігер ұйым «Түлкібас жолдары» ЖШС-мен қосымша шарт жасалды. Қаржы толық көлемде қарастырылған және жұмыстың орындалуы мен расталуына қарай аударылады. Қазіргі уақытта қажетті құрылыс материалдары толық көлемде дайындалып, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы асфальт зауытында жинақталған. Аталған жол учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласында бір жарым шақырымдық жол құрылысы екі жылға созылып, тұрғындар шағым түсірді.