Ақтөбеде 25 жыл отасқан әйелін пышақтаған адам бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сот отырысында жәбірленуші кешірім беріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Кешірім бергенімен, сотталушы 4 жылға бос бостандығынан айырылды.

«ХАС» қаржы пирамидасының негізін қалаушылар алаяқтық үшін сотталды
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Іс Ақтөбе қалалық №2 сотында қаралды. Қаланың 46 жастағы тұрғынына Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, ақтөбелік сол күні ішімдік ішіп, үй ауласына кіре берісте әйелімен жанжалдасып қалады. Ашуланған ер адам қолындағы пышағымен әйелінің сол жақ иығын жаралайды. Әйелі қашқан кезде соңынан қуып жетіп, арқасына бірнеше рет пышақтады. Сот отырысы кезінде сотталушы бар кінәні мойындап, кешірім сұрады.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, жәбірленуші өз сөзінде шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толғанын, бұған дейін де күйеуінің өзіне қол көтергенін айтты. Пышақ жарақатын алған соң жағдайы нашарлап, үйде жүрген алты жасар қызынан жедел жәрдем шақыруын сұраған. Дәл сол кезде сотталушы өз қолын кесіп, сыртқа шығып кетіп, кейін қамауға алынды.

Жәбірленуші әйел балаларының әкесіне кешірім беріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот-медициналық сараптама кезінде денсаулыққа ауыр және жеңіл жарақаттар салынғаны дәлелденді.

Сот үкімімен 46 жастағы ақтөбелік Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны - қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі. Сонымен бірге ішімдікке әуес сотталушы мәжбүрлі түрде ем қабылдайды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Алматы облысында әйелі мен енесін ұрып-соққан азамат ұсталды. Оқиға барысында әйелге және оның анасына дене жарақатын салып, сондай-ақ мүлкі қасақана бүлінген. Болған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс тіркелді. 

Соңғы жаңалықтар