Ақтөбеде 5 жыл ауыстырылмаған бассейн суы талапқа сай болып шықты
«Достық» балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі бассейн қала бойынша ең үлкен кешен саналады. Мұндағы ата-аналар жаттығуға баратын балаларының денесі бөртіп, жөтеле бастағанын айтқан еді. Кейін судан сынама алынды.
«Санитарлық зертхана бар. Шақырып, су сынамасы берілді. Қорытындысы бойынша – бәрі талапқа сай», - деді «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серікбол Нұралин.
Оның айтуынша, 5 жылдан бері судың толық төгіліп, жаңартылмау - санитария талаптарын бұзу болып табылмайды.
«Суды төгіп, қайта құюдың өз тәртібі бар. Бассейн суы көгеріп, реагенттердің әсері болмай қалған кезде ауыстырамыз. Сонымен бірге жөндеу жұмыстары кезінде су төгіледі. Соңғы рет жөндеу 2017 жылы болды. Сол кезде төгіліп, қайта құйылды. Ал келесі жөндеу жұмысын 2023 жылға жоспарлап отырмыз. Жалпы бассейн суы күнделікті алмасып отырады. Төгілгені арнайы құбыр арқылы фильтрге түседі. Фильтрде тазаланып, бассейнге қайта айдалады. Ал фильтр аптасына екі рет ауыстырылады. Тазартылған кезде су кәріз құдығына төгіледі», - деді Серікбол Нұралин.
Айта кетейік, кешенде барлығы 800 бала жаттығады. Бассейн бір күнде 200 адамды қабылдай алады.
«Бізге ата-аналардан ешкім хабарласып, арыз жазған жоқ. Бұл мекемеде кезектен тыс тексеру болмады», - деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Лаура Нұржауова.