Ақтөбеде 70 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде тұрғындардың 70% жуығы вакцинаның екі компонентін де салдырды. Ал 70 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 66 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Өткен аптада жұқтыру көрсеткіші сәл төмендегенімен, облыста қазір 310 адам инфекциялық стационарларда жатыр. Оның 23-і жансақтау бөлімінде болса, төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
«Қазіргі кезде инфекциялық ауруханадағы кереуеттің 70% бос емес. Сондықтан облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтан тағы 120 төсек-орын жасақталып, науқастар қабылданып жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, облыста 47 мобильді мониторинг тобы жұмыс істеп тұр. Биыл 827 мың теңгені құрайтын 18 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы «Ашық» қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар 136, «сары» мәртебесі бар 33 адамның карантин шектеуін сақтамағаны анықталды.
«Бүгінге дейін 400 мыңға жуық ақтөбелік вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Ал 369 мыңнан астам, яғни, вакцина салдыруы тиіс адамның 70% жуығы екі дозаны да салдырды. Ал 70 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Қазіргі кезде 12 240 адам Pfizer вакцинасын салдырды. Оның 7458-і жасөспірім болса, 3500-ден астамы бала емізетін ана», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.