Ақтөбеде алғашқы қар жауып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Синоптиктер күн күрт суытып, жаңбыр, қар жауатынын хабарлады. Ал полиция жүргізушілерді сақ болуға үндеді.

Ақтөбеде алғашқы қар жауып жатыр
Видеодан алынған кадр

«Қазгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалы бүгін тәулік бойы облыстың батысында, солтүстігінде қатты жауын-шашын, оның ішінде жаңбыр, қар жауатынын айтып, ескертті.

Жел солтүстік-батыстан, батыстан соғады және екпіні 15-20 м/с болады. Әсіресе, облыстың солтүстігінде, солтүстік-шығысында орналасқан Хромтау, Мәртөк аудандарында қар мол түсіп, тұрғындар әлеуметтік желіде фото-видеоларды бөлісіп жатыр.

— 4 қазанда облыстың оңтүстігінде, шығысында желдің екпіні 23-28 м/с, 5 қазанда облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с жетеді. Ауа температурасы 4 қазанда түнде 0-5 градус жылы, облыстың батысында, солтүстігінде 5 градус аяз, күндіз 2-7 градус жылы болады, — деп хабарлады синоптиктер.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі жүргізушілерді сақ болуға үндеді.

— Қазіргі уақытта өңірде қар аралас жаңбыр жауып тұр. Жол дұрыс көрінбей қалуы мүмкін. Тайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты жүргізушілерден жылдамдықты қатаң сақтауды, көлік құралдары арасындағы арақашықтықты ұлғайтуды, қауіпті маневрлерден бас тартуды және жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз. Алыс жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап, көліктің техникалық жағдайын тексеріп алған жөн, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, «Қазгидромет» РМК Қазақстанның 17 облысында ауа райына байланысты ескерту жасады. 4 қазанда желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетіп, жаңбыр, қар жауып, найзағай ойнайды және тұман түседі.