Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде арнайы мектепке жіберілген балалар саны екі есе артты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл облыста 18 бала арнайы мектепке жіберілді. Былтырғыға қарағанда саны екі есе көп. Арасында сабаққа бармай, ата-анасына бағынбай жүргендер мен қылмыс жасаған жасөспірімдер де бар. Kazinform тілшісі Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысы мен балаларды тәртіпке салу тәртібін қалай жүріп жатқанын білді.

оқушы, компьютер
Фото: Александр Павский/Kazinform

Биыл 200-ден астам кәмелетке толмаған есепке алынды — статистика

Мектеп оқушылары мен колледж білім алушыларының статистикасы бөлек жүргізіледі. Олар кәмелет жасқа толмағандар. Ақтөбе облысы бойынша алты айдың статистикасы белгілі. Биыл жарты жылда 51 қылмыстық іс тіркелді. Былтыр дәл осы уақытта 64 қылмыстық іс болды. Ал кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған іс саны — 95. Былтыр алты айда бұдан екі іске көп тіркелді.

— Кәмелет жасқа толмаған баланың тәртібі, тәрбиесі, сабаққа қатысымы ескеріліп, түнгі уақытта ата-анасыз жүріп, полиция бөлімшесіне жеткізілу фактілері тіркеледі. Содан кейін ғана Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясына жолданады. Комиссия ақылдасып, шешім шығарады. Шешім әртүрлі болады. Есепке алады, ата-ана құқығынан шектейді, айырады… Ал қылмыс жасағанын арнайы мектепке жіберу туралы ұсыныс беріледі. Комиссия қолдаса Алматы, Ақтау, Тараз, Қызылорда қалаларының біріне жіберіледі. Көбіне Алматыға барады. Биыл 18 бала кетті, ал былтыр жарты жылда 7 бала болды. Олар ұрлық жасаған, төбелескен. Бір рет, кейбірі тіпті қайта қылмыс жасаған. Арнайы мектепке сот шешімі негізінде жіберіледі, — деді Ақтөбе облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Манарбек Қойшыбаев.

Полиция екі түрлі есеп жүргізеді. Өзара профилактикалық және тізімдік деп атайды. Бірақ екі тізімде де тәртібі нашар, мінез-құлқы қиын, тәрбиеге көне қоймайтын, жастайынан әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылғандар бар. Биыл жарты жылда Ақтөбе облысы бойынша кәмелет жасқа толмаған 200-ден астам бала есепке алынды. Мұғалжар, Шалқар, Хромтау, Темір аудандарында саны басым.

— Баланың тәрбиесі біріншіден ата-анаға, екіншіден өскен ортасына байланысты. Профилактикалық және тізімдік есепке алынған бала түзу жолға түссе бір жылдан кейін есептен алынады. Есептен алу туралы шешімді полиция қызметкерлері ұсынады, — деді Манарбек Қойшыбаев. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша биыл алты айда 5 мыңнан астам әкімшілік іс қаралды. Ата-ана мен заңды өкілдер жауапқа тартылды.

Айта кетейік, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар барлық мектеп пен колледжге жауапты. Ал Ақтөбе облысында 445 мектеп және 40-тан астам колледж болса, бар болғаны 65 инспектор жұмыс істейді. Яғни бір инспектор 6-8 білім беру мекемесіне жауапты. Мұның аздық етері сөзсіз.

— Қазір балаларды уақытша орналастыру орны да таршылық етіп тұр. Ақтөбе қаласында 40 орынға шақталған. Онда түнде көшеде ата-анасыз жүргендер де, сот шешімі шыққанға дейін уақытша қоныстанғандар да бар. Ата-анасы ішімдік ішіп, ем қабылдауға жіберілген де орналасады, — деді ол.

Комиссия отырысы мен оның шешімі

Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия биыл жарты жылда 21 материалды қарады. Біреуі ата-ана құқығын қалпына келтірсе, көбіне ата-ана құқығынан айыру, шектеу, мәжбүрлеп емдеуге жатқызу, есепке алу, арнайы мектеп-интернатқа жіберу ұсынысын қабылданды. Нақтыласақ, үшеуі ата-ана құқығынан айырылды, жеті бала арнайы мектепке жіберілді. Комиссия мұндай ұсынысты ҚР «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Заңына сүйеніп құптайды. Сот ақ-қарасын анықтап, шешім шығарады.

— Ата-ана ұзақ уақыт бойы өз міндетін дұрыс атқармаса, балаға тәрбие бере алмаса, ішімдікке, есірткіге әуес болса, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе құқығынан айырады немесе шектейді. Шектеу мерзімі — 6 ай. Егер осы уақытта есін жиып, отбасын қайта ұйыта білсе, мәселе оң шешіледі. Ал егер жарты жылда еш өзгеріс болмаса, ата-ана құқығынан айырылады. Комиссия мақсаты — ата-ананы жазалау емес, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер ата-ана өз өмір салтын өзгертіп, тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үй жағдайын жақсартса, бала тәрбиесіне дайын екенін дәлелдесе сотқа ата-ана құқығын қалпына келтіру талабын қоя алады. Кейде бұрынғы әдетіне қайта басып, тағы назарға ілігеді. Сондықтан комиссия және қорғаншылық органдары баланы отбасына қайтару мәселесін жан-жақты зерделейді, — деді Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы, қала әкімінің орынбасары Әсет Отарбаев.

Ақтөбеде арнайы мектепке жіберілген балалар саны екі есе артты
Фото: Gov.kz

Комиссияның әр ұсынысы мен шешіміне талдау жүргізіледі. Қолда бар талдауға сүйенсек, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ішімдік пен ескірткіге тәуелділік себептер тізімінің басында тұр. Отбасындағы дау-жанжал, ұрыс-керіс те кері әсерін тигізеді. Кейде ер немесе әйелдің жауапкершілігі төмен болып жатады.

— Комиссия отырысында ата-ананың көбі материалдық жағдайдың қиындығын, жұмыссыздықты алға тартады. Алайда тәжірибеде ата-ана жауапкершілігінің төмен екені де көріп жүрміз. Олар көп сылтау айтып, ұсынған жұмыстан бас тартады. Менің ойымша алкогольге тәуелділік, нашақорлық және лудомания сияқты әлеуметтік дерттермен тиімді күресе алсақ ажырасуды азайтып, отбасы институтын нығайтуға үлкен үлес қосар едік. Қазір осы факторлар жанжалға, ажырасуға, балалардың қолайсыз жағдайда өсуіне себепкер болып отыр, — деді Әсет Отарбаев.

Бұған дейін кәмелетке толмағандар комиссиясы ҚР Үкіметінің қаулысына сүйенді. 2025 жылы желтоқсанда ҚР «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Заңы қабылданды. Заң мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жүйелейді. Сонымен бірге биыл наурызда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы шықты. Бұл қауіп тобындағы отбасыны ерте анықтау, балалар құқығын қорғау тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, комиссия отырысы кезінде ата-ананың жұмыссыз жүргені анықталса, бос орындар ұсынылады. Онда да әр отбасының мәселесі бөлек қаралады. Көбі жалақы мөлшеріне қарай таңдау жасайды.

Бала құқығын қорғау

Ақтөбе облысындағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркеева да Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі. Уәкіл бір аудан, ауылдың емес, бүкіл облыстың ахуалын біледі.

Ақтөбеде арнайы мектепке жіберілген балалар саны екі есе артты
Фото: Gov.kz

— Бұл өте өзекті сұрақ. Арнайы мектепке кімдер жіберіледі? Олар тәрбиеге көнбейтін, ата-ананың айтқанын тыңдамайтын кәмелет жасқа толмағандар. Кейде ата-аналары өздері не істерін білмей, шарасыз күйде көмек сұрайды. Комиссияға келіп түсетін сұрақтарға талдау жасасақ, көбіне толық емес отбасы балаларының тәртібі нашар. Анасы өзі бағып, тәрбиелегенімен кейде баласын бақылаудан шығарып алады. Оны мектеп те жөнге сала алмайды. Тек ұлдар емес, қыздар да тіл алмай кетеді. Биыл бір қызды арнайы мектепке жібердік. Ол үйінен сабаққа барамын деп кетіп, көшеде жүреді. Ата-анасының айтқанын тыңдамайды, қайда, не істеп жүргенін айтпайды. Инспекторлар болса есепте алады, үнемі бақылауында ұстайды. Жан-жақты бақылау, қадағалау жүргізілгенімен, ортаға қосып, көмек берілгенімен кейбірі ұсақ қылмыс жасайды, ұрлыққа барады, қорқытып тартып алады. Анасы жылап, шарасыз күйін айтқанда комиссия арнайы мектепке жіберу туралы ұсыныс береді. Сот шешім шығарады, — деді Ақтөбе облысындағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркеева.

Кәмелетке толмаған бала арнайы мектепте 6 ай, көп дегенде 1 жыл тәрбиеленеді. Ондан кейін орта мектептегі сабағын қайта жалғастырады.

— Арнайы мектептің өз ішкі тәртібі бар. Онда телефон болмайды, тәрбие жұмысына баса мән біріледі. Қайта оралған балалар арасында ес жиып, есейгені де болады. Кейбірі бұрынғы әдетіне қайта басады. Бәрі де адамның өзіне, отбасына байланысты. Кәмелетке толмаған балалар мен олардың ата-аналарына қатысты сұрақтарға жалпы талдау жасар болсам, көбіне әйелдер бұрынғы күйеуінен алимент өндіре алмай қиналады. Балалардың әкесі жалақысын жасырады, алименттен жалтарады. Бірінші сұрақ осы. Екіншіден — буллинг. Балалар қазір оның бәрін ашық айтады, — деді Айгүл Нұркеева.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 14 кәмелетке толмаған сотталды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жалпы 25 іс қаралды. Оған 36 соттталушы қатысты.