Ақтөбеде атауы жоқ көшелерге 26 соғыс ардагерлерінің есімі беріледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы мен төрт аудандағы атауы жоқ көшелерге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімі беріледі. Ұйымдастыру жұмыстарынан соң ұсыныс облыстық оноамастика комиссиясында қаралады.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының хабарлауынша, Кеңес Одағының батырлары осы уақытқа дейін ұлықталған. Биыл атауы жоқ көшелерге Ұлы Отан соғысының 26 ардагерінің есімі беріледі.
— Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы негізінде ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктері халқының пікірін ескереді. Ақтөбе қаласы бойынша 11, Мұғалжар ауданынан 3, Хромтау ауданынан 7, Ырғыз ауданынан 4, Шалқар ауданынан 1 ардагерге көше атауы беріледі. Аталмыш бұйрық негізінде жұмыстар жүргізіліп болған соң облыстық оноамастика комиссиясының қарауына ұсынылады, — деп хабарлады облыстық тілдерді дамыту басқармасы.
Еске салсақ, елдегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімі беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осындай мәлімет айтты.