Ақтөбеде ауылдың экс-әкімі малдың қиынан тыңайтқыш шығара бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарағаш ауылдық округінің әкімі болып, зейнетке шыққан Ақбөпе Әбдуәлиева өз жобасы үшін 3 миллион теңге алды. Ол малдың қиынан тыңайтқыш шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ауылдың экс-әкімі малдың қиынан тыңайтқыш шығара бастады

Ақтөбе қаласында әлеуметтік кәсіпкерлік форумы аясында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тың жоба авторына 3 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Сәуір айында «60/15» өңірлік пилоттық байқауы ұйымдастырылып, екінші кезеңге 60 жобаның 15-і өтті. Бүгін жеңімпаз грант иеленді. Өзге 14 адам «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдауға ие болады. Ал тың жоба ұсынған Ақбөпе Әбдуәлиева отбасылық кәсіптің қыр-сырымен бөлісті. Ол 18 жыл бойы Алға ауданы, Қарағаш ауылында әкім болып, кейін Алға аудандық жұмыспен қамту орталығында басшылық қызмет атқарды.

«Отбасылық бизнесті күйеуім Абзал Әбдуәлиев басқарады. Өзім зейнетке шыққан соң «қандай кәсіппен айналысамын» деген ойға келдім. Әкім болып, бөлім басқарған кезде ел арасында көп жүрген едім. 2000 жылдардың басында ауылға газ кіріп, малдың қиы керексіз болып қалды. Көше тазартылмай, экологиялық мәселе қозғалды. Сол кезде қиды кәдеге асыратын жоба жасау ойда болды. Басшылық қызмет мұрша бермеген еді. Ал енді зейнетке шығып, идеяны іске асырдым»,- деді кәсіпкер Ақбөпе Әбдуәлиева.
null 

Малдың қиын кәдеге асыруды ойлаған Ақбөпе Әбдуәлиева Солтүстік Қазақстанның тұрғыны Андрей Стрелецтің жобасмен танысты. Қиға құрт салып, тыңайтқыш жасауға көп уақыт қажет болған соң балама әдіс іздестірілді.

«М технология» арқылы қиды органикалық тыңайтқышқа айналдыруға болады. Бар болғаны 35-40 күн қажет. Арнайы бактерия дайындайтын микробиологты Ресейден тауып, интернет арқылы таныстым. Сөйтіп қыста биореактор сатып алдым. Бейнематериалын қарап, осы істі бастаған кәсіпкерлермен сөйлестім. Нәтижесінде Алға қаласындағы жабық ғимаратты жалға алып, 300 тонна қи жеткізілді. Қыста жаңа технология бойынша өңдеу жүрді. Аз уақытта қидың иісі кетіп, топырақ аңқып тұрады. Қара топырақты алып, конкурсқа қатыстым. Біз үшін несие алу қиын болған соң облыс әкімінің грантына үміт арттым»,- деді кәсіпкер Ақбөпе Әбдуәлиева.
null 

Кәсіпкер үшін өнімді сертификаттау да қиын болып тұр. Себебі, Жамбыл облысында берілетін сертификат құны 1 миллиион теңгеге жуық. Жеңімпаз қаржыны құжат рәсімдеуге бөліп, тауарды ресми жолмен сатуды жоспарлап отыр.

«Бактерияның М концентраты арнайы рецепт бойынша қолданылады. Комиссия мүшелерінің алдына барып, барлығын көрсеттім. Бидай жақсы өседі екен. Әрі бөлме гүлдеріне өте пайдалы. Осы арқылы органикалық тыңайтқыш жасау, экологиялық проблеманы шешу жолын ұсындым. Қазір Ақтөбеде газ бар, қи керексіз болып қалды. Гүл шаруашылығын қолға алған кәсіпкер де тыңайтқышты Ресейден алады. Бәріне отандық өнімді ұсынғымыз келеді»,- деді кәсіпкер.

Қазіргі кезде тыңайтқышты ұнтақтап, аумағы 50 гектар болатын суармалы жерге пайдалану жоспарланды. Кәсіпкер алдымен өзі тәжірибеден өткізіп, кейін сауда орындарына, шаруаларға ұсынады.

«Малдың қиы тегін. Алдағы уақытта құстың саңғырығын да пайданалғымыз келеді. Кәсіпкерлер «саңырықтан арылсақ, қуанамыз» деп отыр. Бізді әкімдік қолдағанда жобаны іске асырып, дамыту біздің парызымыз»,- деді Ақбөпе Әбдуәлиева.
null