Ақтөбеде әйелді ұрып-соқты деп айыпталып жатқан қала әкімі айыппұл төлеуі мүмкін

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бүгін прокурор жарыссөзде Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырды айыпты деп танып, 80 АЕК көлемінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Қазбек Аққайыр
Фото: Мұғалжар ауданы әкімдігі

Мұғалжар аудандық сотында Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырға қатысты сот отырысы өтіп, жарыссөз болды. Жарыссөз кезінде прокурор сотталушы Қ. Аққайырды айыпты деп танып, 80 АЕК көлемінде айыппұл салуды, сонымен бірге жәбірленушінің азаматтық талап арызын толық қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленуші сұрауы - моральдық шығын ретінде 500 мың теңге, сот шығыны - 300 мың теңге. Сот қылмыстық істі қарау кезінде азаматтық талапты іске кірістіру туралы шешім қабылдады.

Жарыссөз кезінде жәбірленуші өзінің ауруханаға барғанын, полицияға ұрып-соққан адам әкімдікте жұмыс істейтін лауазымды тұлға екенін айтқанын жеткізді. Сотқа аудио және видео материалдар ұсынып, оны назарға алуды сұрады. Ал сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады.

- 26-желтоқсан күні келді. Екі арадағы қарым-қатынас туралы айтатын жер емес, жұмыс орны деп айттым. Ол шықпады, отырды. Жеңінен ұстадым да шығарып жібердім... Осы уақытқа дейін жинаған абыройымыз бар. Осы тірлігімен еш дәлелсіз мені айыптап, елге қарабет қылды. Бұл кісімен арада қатынас болғанына мен өте қатты өкінемін. Ұрмадым, қол ұшымды тигізбедім. Мені ақтауды сұраймын,- деді сотталушы Қазбек Аққайыр.

Еске салсақ, Қандыағаш қаласының әкіміне Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Іс Мұғалжар аудандық сотында қаралып жатыр. Сотта дәрігер, сот сарапшысы, мемлекеттік қызметші, блогер куәлік етті.

 

Соңғы жаңалықтар