Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдерге арналған бассейннің жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті

Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдерге арналған бассейннің жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік бассейндердің бірі сүрілді, енді бірінде жөндеу жүріп жатыр. Ал үшіншісіндегі жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кеткен. Бүгін ата-аналар себебін білуге жиналып, жаттығуды жалғастыру үшін қосымша мүмкіндіктер қарастыруды сұрады. 

Ақтөбе қаласының тұрғыны Айгерім Альмуратованың айтуынша, оның екі баласы 3 және 6 жылдан бері бассейнге барады. Жаттығуларға үзбей қатысып жүрген балалары бассейн жөндеуге жабылып, өзгесіне бағыттағанда да үйірмеден қалмаған. Сөйтіп екі баласы бүгінге дейін қаланың екі жеке бассейнінде мемлекеттік тапсырыс аясында жаттықты. Енді ол екеуі де ақылы қызмет қана көрсететінін айтып, ескерту берген. Ата-аналар жөндеу жұмысы ұзаққа созылған бассейн маңына жиналып, себебін сұрады. 

– «Чайка» бассейні 2023 жылдың мамыр айында жөндеуге жабылды. Бізге алғашында 1 жылға жабылды деп айтты. Содан «Достық» бассейніне бардық. Ол бассейн биыл жазда жөндеуге жабылды. Кейін балаларды қаланың ескі бөлігіндегі бассейнге және «Посейдон» бассейніне жіберді. Екеуі де жеке. Бұған дейін әкімдік бәрін төлеп келді. Жеке бассейн иелері енді барсақ ақылы екенін ескертті. Сөйтіп біз «Чайка» бассейніне қайта барып, жағдайды білгіміз келді. Аз-маз жөндеу жүргізілгенімен, үлкен өзгеріс көрмедік. Дүйсенбі күні ашылады дегенмен күмәнданып отырмыз»,- деді Айгерім Альмуратова. 

Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдерге арналған бассейннің жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бір мезетте үш бассейндегі жөндеу мен құрылыстың қатар келіп қалғанын түсіндірді. 

– «Чайка» бассейні келесі аптадан бастап қайта жұмысын бастайды. Құрылыс жұмыстарымен айналысқан «Градстройсервис» мердігер мекемсі сот шешімімен жосықсыз деп танылды. Қазіргі уақытта компания жұмысты аяқтады. Осы уақыт аралығында балалар жаттығуын үзбеді, тегін бассейнге барды. «Чайка» бассейнінен бөлек, «Достық» бассейніне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы барлық жұмыстарды қаңтар айында аяқтау жоспарланған. Ал «Дельфин» бассейнінің ғимараты апаттық деп танылып, сүрілді. Келесі жылы сол жерде жаңа бассейн құрылысы жүргізіледі,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы. 

Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдерге арналған бассейннің жөндеу жұмысы ұзаққа созылып кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 3000-нан астам бала су спорт түрлерімен айналысады.

Еске салсақ, биыл Ақтөбеде «Жайлы мектеп» жобасы аясында бірнеше мектептің құрылысы тоқтап қалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram