Ақтөбеде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі» жобасын жүзеге асыруды талқылауға арналған халықаралық конференция өтті
Шара Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі мен Халықаралық Автомобиль көлігі одағы арасында «Азия мен Еуропа және әлемдік негізгі рыноктар арасында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлікпен жүк тасымалын дамыту туралы» меморандумға қол қойылумен басталды.
Халықаралық дәліздің жалпы ұзындығы - 8 445 шақырым. Оның 2 233 шақырымы - Ресей Федерациясының аумағы, 2 787 шақырымы - Қазақстан Республикасы, ал 3 425 шақырымы - Қытай Халық Республикасы арқылы өтеді.
Қазақстан арқылы дәліз бес облыстың аумағын (Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары) басып өтеді. Жалпы 2452 шақырым жол қайта салынады. Жобаның қазақстандық учаскесінің жалпы құны 825,2 миллиард теңге, соның аясында 1390 шақырым жолды (Қызылорда - Түркістан - Шымкент - Тараз - Алматы - Қорғас) 4 жолақты І техникалық санатқа өткізу көзделген, қалған ұзындығы 1062 шақырым учаскелері ІІ техникалық санатқа өткізілетін болады (РФ-ның шекарасы - Мартөк - Ақтөбе - Қарабұтақ - Қызылорда).
Көлік және коммуникация министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жобаны іске асыру үшін қаржыландырудың үш көзі белгіленген: республикалық бюджет есебінен 136,1 миллиард теңге сома қарастырылса, халықаралық қаржы институттарының сыртқы заемы 3,4 миллиард АҚШ долларын құрайды, қаржыландырудың үшінші көзі ретінде концессиялық негізде сомасы 266,6 миллиард теңге көлемінде жеке меншік инвестицияларды тарту жоспарланған.