Ақтөбеде биыл екі мыңнан астам ірі қара малдан бруцеллез анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мал дәрігерлері 524 мыңнан астам ірі қарадан сынама алған. Оның 2048-і оң нәтиже көрсетіп, бруцеллез тіркелді. Сонымен бірге аса қауіпті аурулардың 5 ошағы анықталды.
Ақтөбеде биыл 8 айдың ішінде мүйізді ірі қарамен қатар 352 ұсақ малдан бруцеллез ауруы табылды. Бруцеллез анықталған малдың бәрі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес зарарсыздандырылды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының 5 ошағы тіркелген.
— Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Құрылыс және Шеңбертал елді мекендерінде мал өлімі тіркелді. Зертханалық тексеруден соң Құрылыс ауылында лептоспироз, Шеңбертал ауылында тейлериоз ауруы анықталды. Бұл екі ауру да біздің облыста бұрын-соңды кездеспеген. Лептоспироз кеміргіш арқылы тарайды. Ветеринария инспекциясының ұсынысымен шектеу жарияланды. Эпизоотияға қарсы жасақ жұмыс істеп, жағдай тұрақталды. Шеңбертал ауылында анықталған тейлериоз да облыста кездеспеген. Шектеу қойылған соң онда да жағдай тұрақталды. Екі ауылда 53 мал басы жойылды. Сонымен бірге осы аудандағы Жайсаңбай ауылында 16 ірі қарадан тейлериоз анықталды, — деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы аумағында қазір 2 505 603 мал бар. Оның ішінде 692 915 мүйізді ірі қара, 1 337 100 ұсақ қой-ешкі, 445 381 жылқы, 26 720 түйе, қалғаны шошқа. Биыл аса қауіпті 12 ауруға қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Республикалық қордан 8 080 080 доза вакцина келіп түсті және аудандарға таратылды.
Еске салсақ, Ырғыз ауданында мал қырылғанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары келді. Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының және облыстық ветеринария басқармасының мамандары барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.