Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан 7 күдікті ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Олар адамды қорқытып, ақша алып отырған. Ал жәбірленуші несие рәсімдеп, депозиттегі ақшасын да шешіп берген.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері және арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері қала тұрғындарын бопсалау және тонаумен айналысқан топты ұстады. Олар ат-жөнсіз қарызсың деп айтып, күш көрсеткен.
- Несие рәсімдеуге және депозиттегі ақша шешіп беруге мәжбүрлеген. Осылайша олар заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденіп, жәбірленушіге материалдық шығын келтірген. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жеті күдіктінің жеке басын анықтап, оларды ұстады. Барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдіктілердің тағы кімдерді қорқытқаны әзірге белгісіз. Полиция ұқсас оқиғаларды іздейді.
Айта кетейік, ІІМ маусымда ғана елімізде бопсалау қылмысы 15%-ға азайғанын хабарлады.