Ақтөбеде бір күн бұрын хабарсыз кеткен ерлі-зайыптының денесі табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әйелдің денесінде зорлық белгілері бар. Ал ер адам асылып қалған.
Ақтөбеде кеше 40 жастағы Аманжол Алмағанбетов, оның әйелі Гүлжахан Шектібаева із-түзсіз кетіп, іздеу жұмысы жүргізілді. Олар Ақтөбе қаласы 41-разьездегі үйінен шығып, хабарсыз қалған. Бүгін екеуінің де денесі қала шетінен табылды.
— Полиция 1986 жылы туған әйелдің зорлық белгілері бар денесі табылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Одан кейінгі іс-шаралар барысында күйеуі асылып тұрған күйінде табылды. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Қажетті процестік әрекеттер жасалып, аумақ тексеріліп, заттай дәлелдемелер жинақталып жатыр. Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбеде биыл дәрігер жоғалып, кейін оның денесі табылды. Күдікті өзімен бірге жұмыс істеген мейіргер болып шықты. Ол марқұм Абай Айсағалиевтің бет-әлпетіне ұқсайтын силикон масканы тапсырыспен алдырып, кейін оны пайдаланған. Сотталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.