Ақтөбеде бірнеше басқарманың басшысы ауысты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне Асылхан Әбтиев, ал облыстық Тілдерді дамыту басқармасына Алтынай Юнисова тағайындалды.
Ақтөбеде облысында бүгін кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұл жолы облыстық басқарма басшылары ауысты. Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Асылхан Әбтиев тағайындалды. Ол 1999 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған.
- Еңбек жолын 2000 жылы «Мамыр» шаруа қожалығында агроном-есепші болып бастаған. 2001–2005 жылдары Ақтөбе облысының ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Кәсіби қызметінің елеулі бөлігі өңірдің аграрлық саласымен байланысты. 2005–2024 жылдары Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасында еңбек етіп, өсімдік шаруашылығы бөлімінің жетекші және бас маманы, бөлім басшысы, сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2024–2025 жылдар аралығында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясын басқарды. Сонымен қатар Алматы қалалық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2025 жылғы желтоқсаннан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Асылхан Әбтиев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясында болды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын 6 жыл бойы басқарған Алтынай Юнисова облыстық тілдерді дамыту басқармасына ауысты.
- Еңбек жолын 1994 жылы Ақтөбе облыстық телерадиокомпаниясының дикторы ретінде бастаған. Кейін «Арна» ақпараттық бағдарламасының аға редакторы, Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы үйінің методисі қызметтерін атқарды. 2012-2017 жылдары Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында өнер және тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы болды. 2017-2020 жылдары Ақтөбе қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарды, - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге бүгін Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметі Мұқанбетқали Есенғалиев тағайындалды.
Еске салсақ, бүгін Ырғыз және Мәртөк аудандарының әкімі тағайындалды.