Ақтөбеде Досжан ишан мешітінің декор элементтері қалпына келтіріледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Құнанбаймен бірге Меккеде қонақүй салдырған Досжан ишан мешітіндегі декор элементтері қалпына келтіреледі.

Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Досжан ишан кешеніндегі қалпына келтіру жұмысы бірнеше жылға созылып келеді. Мұнда медресе мен мешітте реставрация жүргізілді.

- Медресе 1904 жылы түсірілген фото негізінде қалпына келтірілді. Былтыр археологтар мешіт ішінде қазба жұмыстарын жүргізіп, құрылымындағы ерекшеліктерін анықтады. Ою-өрнек, декторлық элементтер қазылып алынды. Суретші-қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, қалпына келтіруші Сәдуақас Ағытаевты шақырып, жұмыс жоспары жасалды,- деді Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Ақтөбе облысында 872 мемлекеттік қорғауға алынған. Оның 9-ы республикалық, қалғаны жергілікті маңызы бар ескерткіш. Соңғы 3 жылда 6 мавзолей, 4 мешіт, 75 құлпытас, 1 медресе, 6 сағанатам қалпына келтірілді. Биыл Хромтау, Алға аудандарында ескерткіштерді түгелдеу жұмысы жүргізіледі.

Еске салсақ, Ақтөбеде Досжан ишан мешітін қалпына келтіру жұмыстарына дайындық 2019 жылы басталды.