Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген ананың ісі сотта қарала бастады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір 29 жастағы айыпталушы Талғар психологиялық ауруханасында ем алып жатыр. Ал сот-медициналық сараптама кезінде балалардың механикалық асфиксиядан көз жұмғанын анықтады.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 29 жастағы әйелге қатысты қылмыстық істің сот алды тыңдауы өтті. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен қаралады. Сот алды тыңдау кезінде прокурор Елдар Әбиев дәрменсіз балаларды қасақана қазаға ұшырату ойымен ұйықтап жатқанда жастықпен тұншықтырды деп мәлімдеді. Мәйітке сот-медициналық сараптама тағайындалып, сәбилердің өлімі механикалық асфиксиядан болғаны расталды. Яғни тыныс алу жолдарына дем жетпей, қан құйылып, мерт болған. Сот отырысы кезінде күйеуі Жеңісбек Әбілханов БАҚ қатысуына шектеу қоюды сұрағанымен, кейін мән-жайды толық баяндап, сұхбат берді.

— Туған апасы туа бітті сал ауруына шалдыққан, анасы қайтыс болған. Ол да мүгедек еді. Бәрін күйзеліспен қабылдаған болуы мүмкін. Содан балалар да сөйлей алмай қалады деген қорқыныш болған. Мен солай есептеймін. Біздің отбасы құрғанымызға 4 жыл болды. Алғашында ештеңе байқалмады. 11 наурыз күні сағат кешкі 17:00 шамасында ұйықтап жаттым. Ол маған «қызды тұншықтырып тастадым» деді. Ояндым, екі балам ойнап жүр екен. Сенген жоқпын, әрі мән бермедім. Кейін сыртқа шығып кетіп, ойландым, қорықтым, қайтып келдім. Қыздың бір жақ бетінде нүктелі дақтар қаптап кеткен екен. Содан соң «таяуда өледі» деді. Сол кезде «дәрігерсің бе» деп ұрыстым. Қарап, қорықтым. Кейін әкесіне хабар бердім. «Білем, байқап жүрмін. Емдетуге әрекет еткім келеді» деп айтты. Мен соған сендім. Оған дейін қандай да бір шара қолдансын, қорықсын деген оймен полицияға, медицина қызметкерлеріне айттым. Оны тексеріп, бір тәуліктен соң үйге жіберді. 13 наурыз күні тағы қайталанды. Сол жағдайдан соң әкесі келіп, алып кетті. Арада 10 күн өткеннен кейін осындай жағдай болып тұр, — деді айыпталушының күйеуі Жеңісбек Әбілханов.
Айыпталушы 29 жаста. Ол Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-ін бітірген. Атырау облысының Сағыз ауылында информатика пәнінен сабақ берген, сол жерден декреттік демалысқа шыққан.
— Екі баланың әруағы үшін емделіп, қоғамға қосылғанын қалаймын. Қазір Талғарда емделіп жатыр, — деді Жеңісбек Әбілханов.
Сот алды тыңдау кезінде айыпталушының қорғаушысы медициналық сараптама қорытындысын оқыды.
— Менің қорғауымдағы адамға психотерапевттің сараптамасы тағайындалды. Сот психологиялық, сот психиатриялық сараптамасына сәйкес қорғауымдағы айыпталушы параноидты-шизофрения ағымының басқа түріне, депрессиялы параноидты синдром түріндегі созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан. Өзіне және қоғамға қауіпті факторлар анықталады. Сараптама комиссиясы жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емдеуді ұсынып отыр. Яғни жасаған ісіне жауап бере алмайтынын көрсетіп отыр, — деді қорғаушы Б.Әлібаев.
Айта кетейік, оқиға биыл 23 наурыз күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында болды. 29 жастағы әйел 2022 жылғы ұлы мен 2024 жылғы қызын тұншықтырып өлтірген.