Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, бес адам көз жұмды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция қазір тергеу жүргізіп жатыр. Бір адам Байғанин аудандық ауруханасына жеткізілді.

Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, бес адам көз жұмды
Фото: instagram.com/aktobe_zello

Оқиға Ақтөбе-Атырау тасжолының Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы маңында болды. «ВАЗ» және «DAF» автокөліктері соқтығысқан. 

— Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Аталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Айта кетейік, ақпан айында Ақтөбе-Атырау тасжолында 10 көлік соқтығысты. Оқиға Ақкемер ауылы маңында болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.