Ақтөбеде электр қуаты мен газ бағасы өзгерді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік тұрғындар сәуірден бастап электр қуаты үшін 1 кВт/сағ 19,94 теңге төлейді. Тариф 3,26 теңгеге өсіп тұр.

Ақтөбеліктерді электр қуатымен қамтып отырған «Энергосистема» ЖШС-і 2025 жылғы 1 сәуірінен бастап шекті бағаны көтеру туралы хабарлама берді. Ол Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне түсті. «Энергосистема» ЖШС-і тарифті көтеру кезінде бірнеше себебін атады.
Себептері: электр энергиясын беру тарифінің көтерілуі, «Жаңартылған энергия көздерін қолдау жөніндегі Қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-і электр қуаты дайындығын қолдау қызметтері тарифінің өсуі, жабдықтау үстемесінің ұлғаюы.
– Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жобаны талдап, мына тарифті бекітті. Олар:
— Тұрғындар үшін 1 кВт/сағ 19,94 теңге;
— заңды тұлғалар үшін 1 кВт/сағ 49,99 теңге;
— мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар (бюджеттік ұйымдар) 67,07 теңге/кВтсағ;
— әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағында орналасқан тұтынушылар үшін 38,86 теңге/кВтсағ.
— Хабарламаны қарау шеңберінде кейбір шығын азайтылды. Олар:
— электр энергиясын беру тарифтері 25,46 теңге/кВтсағ-тан 19,07 теңге/кВтсағ-қа дейін, төмендеу 6,38 теңгені немесе 25% теңгені құрады.
— жабдықтау үстемесі 1,60 теңге/кВтсағ-тан 43 тиынға немесе 27% теңгеге дейін төмендетілді, - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен.
Сонымен бірге «QazaqGaz Aimaq» АҚ АӨФ-ы да тарифті көтеру туралы хабарлама берді. Компания газ бағасын 7-14% көтеруді ұсынды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тұрғындар үшін 1 000 текше метріне 13 173,55 теңгеден 14 462,92 теңгеге өсіруге келісім берді. Сонымен бірге тұрғындарға, түрлі компанияларға жылу тарататын компанияларға, бюджеттік мекемелерге, ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратындар немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіретіндерге тариф көтерілді.
Еске салсақ, Ақтөбеде 1-қаңтардан бастап сумен және жылумен жабдықтау тарифі өзгереді. Тұрғындар үшін сумен қамту тарифі 24,70 теңгеге, ал жылымен қамту 37 теңгеге көтеріледі.