Ақтөбеде эпидемиялық паротит инфекциясы тіркеліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Соңғы рет бұл инфекция бес жыл бұрын тіркелген. Сәуір айында 5 адамнан анықталып, ем қабылдады.
Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, өңірде вакцина алмаған балалар арасында жұқпалы инфекция тіркеліп жатыр. Оның ішінде қызылша, көкжөтел және эпидемиялық паротит инфекциясы бар.
- Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 242 адамнан қызылша анықталды. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 213 бала бар. Яғни былтырғыға қарағанда 7,5 есеге көбейіп отыр. Көбі Ақтөбе қаласында анықталды. Қызылша жұқтырғандардың 90% вакцина қабылдамаған. Кейбірінде екпе жасына жетпеген, сонымен бірге бас тартқан. Талдауға сүйенсек, инфекция жұқтырғандардың 75%-дан астамы 5 жасқа толмаған бала. Арасында балабақша баратыны да бар. Нәтижесінде 27 мектепке дейінгі ұйым, 21 мектеп пен 4 медициналық мекемеде індетке қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды, - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Сонымен бірге Ақтөбе облысында 9 адамға көкжөтел диагнозы қойылды. 2025 жылдың бірінші тоқсанына қарағанда жұқтыру дерегі 2 есе өскен.
- Өңірде сәуір айынан бастап 5 науқасқа эпидпаротит диагнозы қойылды. Оның ішінде 4-і екпе статусы белгісіз ересек болса, біреуі ата-анасы екпеден бас тартқан бала. Эпидемиялық паротит - вирустық жұқпалы ауру. Асқынса менингит, орхит, панкреатит болуы мүмкін. Тіпті бедеулікке әкеп соқтыруы ықтимал, - деді Райхан Қойшанова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, эпидемиологтер алдағы демалыс және мереке күндері балаларды жабық ойын-сауық орындарына апармауға кеңес береді.