Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқан полицейлер мен әскерилерге көше атауы берілуі мүмкін
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қоғамдық тыңдау кезінде ұсыныс қолдау тапты. Енді ұсыныс Ақтөбе қалалық мәслихатында қаралады.
 
                                              Ақтөбе қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларында тұрғындардың пікірін білу үшін қоғамдық тыңдау өтті. Онда Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарының атаусыз көшелеріне Айдос Боранбаев, Нұрлан Алпысбай, Руслан Жолдыбаев, Рустем Кенжалин, Қымбатқазы Уразалин, Темірбек Жақсылықбаев, Берікжан Калиев, Рақымжан Жанабергенов, Сапар Досбол есімдерін беру туралы ұсыныс қаралып, дауысқа салынды.
— Қазан айында өтетін сессияда қаладағы 34 көшеге атау беру ұсынысы бекітіледі. Ал көшеге ерлікпен қаза тапқан әскери, полиция қызметкерлерінің есімін беру ұсынысы желтоқсанда қаралауы мүмкін. Қоғамдық тыңдау өтті. Қоғамдық тыңдауға қатысқан азаматтардың дауыс беру қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарының кейбір атаусыз көшелеріне атау беру туралы барлық ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Енді тек қалалық мәслихат сессиясында қаралады, — деді Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, Ақтөбе қалалық мәслихатының экономика, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі Жаңалық Ахаш.
Оның айтуынша, Қымбатқазы Уразалин Хромтауда қызметтік борышын өтеп жүргенде қаза тапты. Ал Айдос Боранбаев, Нұрлан Алпысбай, Руслан Жолдыбаев 2011 жылы Шұбаршидағы террорлық акт кезінде, Рустем Кенжалин Қызылжар тұрғын алабында діни экстремистік сипаттағы қарулы топты ұстау кезінде көз жұмды. 2012 жылы қаза тапқан Темірбек Жақсылықбаев, 2016 жылы мерт болған Берікжан Калиев те тізімде бар. Сол жылы Ақтөбеде әскери борышын өтеп, қарулы топтың шабуылы кезінде көз жұмған Досбол Сапарға да көше атауы берілуі мүмкін. Рақымжан Жанабергенов 1983 жылы Ақтөбе элеваторындағы өртті сөндіру кезінде мерт болған.
Еске салсақ, 2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбе қаласында бір топ лаңкес «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасалып, № 6655 әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасын басып алмақ болды. Террорлық акт кезінде 7 адам қаза тапты. Арасында әскерилер бар.