Ақтөбеде есекмиядан уланған тағы 250 бас ірі қара кофеинің арқасында аман қалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 253 бас мал қырылып, оның 121 басы мұздатқышқа сақталды. Ал тағы 250 бас ірі қара кофеиннің арқасында аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде есекмиядан уланған тағы 250 бас ірі қара кофеинің арқасында аман қалды

«Жаз айларында малды жайылымға жібереміз. Бұл жолы ұрықтандыруға дайындап, күтім жасадық. Барлығы шаруашылықта 12 мың бас ірі қара бар. Оның 6800-і аналық. Канададан ұрық әкеліп, тәжірибе өткізуді жоспарлап едік. Сол үшін де шілдеде канадалық маман келіп, қашарды қарап, ұрықтандыруға дайындады. Әр ұрық құны - 300 мың теңге. Бұқа алу үшін бастаған жұмысымызды қайта жалғастырамыз. Алматы мен Атыраудан шаруалар келіп, 170 бас мал аламыз деген соң карантинге қойылды. Міне, карантинде тұрған және ұрықтандыруға дайындалып жатқан ірі қара уланып қалды. Бәрі Ангус тұқымды мал. Сойып, 121 бас мал Алға қаласына жіберілді. Ал 132 бас мал еті бұзылып кетіп, өртелді»,- деді «Актеп» ЖШС-нің директоры Оразақ Самұратов.

Оқиға 18 тамыз күні сағат 19:00-де басталды. Шаруашылық жұмысшары түні бойы мал сойып, өзгесінің көзін жоюға тура келді.

«Сол күні түске дейін ескі шөп беріліп, түстен кейін шаруашылықтар орып әкелген азық тасталды. Кешкі сағат 19:00-ден бастап мал құлады. Арам өліп қалмасын деп сойдық. Оқыс жағдайда асқазанды жуу мүмкін болмады. Түнгі 3:00-ге дейін сойылды. Таңғы сағат 6:00-да қайта келіп, интернеттен мәлімет іздедік. Суға крахмал езіп бергенімізбен, ішпеді. Кейін мал дәрігерімен ақылдасып кофеин, глюкоза, калций гидрохлоридін егіп, аузына езілген крахмал құйылды. Арада 2 минут өткенде тұра бастады. Алғашын қай дәрінің әсер еткенін білмедік. Бақылаудан соң кофеин әсері бар екенін біліп, дереу сатып алдық. Шамамен 250 бас малды аман алып қалдық. Инфекция жоқ, бірақ өртедік. Малдың бауыр, асқазаны өсіп, ішегі қанталап кеткен. Ол улану белгісі. Зертхана улануды растады»,- деді директор.
null 

Айта кетейік, барлығы 40 шаруашылық шөп тасиды. Сол күні 8 шаруашылық шөп әкелген. Олардың қай жерден шөп шапқаны анықталып жатыр.

«Сойып қараған кезде асқазанында есекмияның дәні толып тұрды. Қазір жағдай тұрақты. Ешқандай инфекция жоқ. Бірақ күдік болған соң тексеру қажет болып, полицияға арыз жаздым. Қастандық та жасалуы мүмкін деген жорамал болды. Алдағы уақытта Сібір жарасы, инфекция деп жалған ақпарат таратқан адамдарды сотқа береміз. Ет сатылды деген де жалған ақпарат. Санитар мамандар, мал дәрігері мен шаруашылық өкілдері қатысып, өртеді»,- директор.

Зерттеу материалдары 19 тамыз күні қаралды. Мамандар алдымен Сібір жарасының бар-жоғын тексерді.

«19 тамыз күні кешкілік зерттеуге материал келді. Дүйсенбі күні мамандарды жинап, тез арада диагноз қою қажет болды. Алдымен Сібір жарасына тексерілді. Екі сағаттан соң ол аурудың жоқ екенін анықтап, токсикологтар мен тағамнан улануға жауапты мамандар іске кірісті. Жұмыс күнінің соңында шөптен уланғаны расталды. Негізі малдың етін пайдалану, оны жою шаруашылық иесіне байланысты. Етін қайта өңдеуге жіберуге болады»,- деді ветеринарлық лабораторияның облыстық филиал директоры Сафиулла Зарманов.

Еліміз бойынша шөптен улану жыл сайын болады, бірақ жаппай улану мүлде тіркелмеген.

null