Ақтөбеде ескірткіге мас күйінде көлік жүргізген рэп орындаушысы Qarakesek ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Qarakesek лақап атымен танымал Омар Амантаев 15 тәулікке қамалды және ол 7 жыл көлік жүргізе алмайды. Сонымен қатар есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары мақсатты түрде жедел шара қабылдаған. «Kia Rio» көлігін мас күйінде жүргізген рэп орындаушысын ұстап, тінту кезінде шағын орамадан синтетикалық ескірткі тапты. 31 жастағы ақтөбеліктен табылған ақ ұнтақты сараптамадан да өткізді.
— Медициналық куәландыру кезінде оның есірткіге мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Президент биыл тамызда нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.