Ақтөбеде гонконг тұмауын жұқтырғандардың көбі — балалар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде 97 адам гонконг тұмауын жұқтырған. Оның екеуі жүкті әйел, 72-іcі жасы 14-ке толмаған бала.

дети болеют
Фото: freepik.com

Ақтөбе облысында ЖРВИ жұқтырған 100-ден астам адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 75-і балалар. Бұл мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратты.

Ал Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, А типті тұмау (H3N2 штамм — ред.) 97 адамнан анықталды. Оның 72-ісі 14 жасқа дейінгі балалар арасында болса, екеуі жүкті әйелден анықталып отыр.

Облыс бойынша ауруханадағы төсек орынның 60 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

— Білім беру ұйымдарында маусымдық ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін бірқатар шара көзделген. Ауру белгілерін ерте анықтау үшін таңертеңгі сүзгіні ұйымдастыру, егер бала немесе қызметкерден қандай да бір белгі тіркесе оларды уақытша шеттету, ғимараттың әр қабатында және сыныптарда қол жууға, залалсыздандыруға арналған антисептик құралдарын қою сияқты жалпы профилактикалық санитариялық талаптар сақталуы керек. Бұл шаралар оқу орындарында инфекциялық аурудың таралу қаупін төмендетуге бағытталған және жыл сайын маусымдық кезеңде қолданылатын қалыпты тәжірибе. Ақтөбедегі жалпы білім беретін мектептерде маска режимі енгізілген жоқ. Қосымша шектеу шаралары енгізілмеді. Білім беру ұйымдары оффлайн режимде жұмыс істеп жатыр. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, А (H3N2) маусымдық тұмаудың құрамына кіретін вирустың түрі. Тек балалар, қарт кісілер мен жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті.

— Тұмаудың алдын алу шарасы — маусым алдындағы вакцинация. Облыс бойынша барлығы 130 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды. Бұл жалпы халық санының 14% құрайды. Оның ішінде 108 567 адам жергілікті бюджет есебінен егілді, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Индира Аяғанова.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда 75 адам гонконг тұмауына шалдыққан. Соның 55-і — балалар. 

Соңғы жаңалықтар