Ақтөбеде инфекциялық жаңа аурухана салынады

«Облыс орталығында 200 керуеттік инфекциялық аурухана салынатын болды. Нысанды жобалауға облыстық құрылыс басқармасына тапсырыс енгізілді. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілуі тиіс. Күзге дайындық жұмыстары барысында облыста инфекцияны емдеуге қосымша орындар, оның ішінде жансақтау керуеттерін жасақтап, қажетті медициналық құралдармен жабдықтап жатырмыз», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда медициналық инфрақұрылымды дамытуға тапсырма берді. Ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі.