Ақтөбеде қабырғасы қақ айырылып тұрған екі қабатты үйдің тұрғындары көмек сұрады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мәртөк ауданы орталығындағы үйде 4 пәтер бар. Теміржол маңында орналасқан үйдің тұрғындары «үйінді астында қаламыз» деп қорқып отыр.
Ақтөбе облысының тұрғыны Роза Қоразова анасы тұрып жатқан үйді көрсетіп, көмек сұрады. Оның айтуынша, анасы ІІ топ мүгедегі. Екі қабатты үйдегі төрт пәтердің бірінде тұрады.
— Біздің үйіміз апатты жағдайда. Үй қақ айырылайын деп тұр. Іргетасы сөгіліп, қабырғасында жарық пайда болды. Жарық іргетасынан бастап, шатырына дейін жеткен. Айлар өткен сайын жағдайы нашарлап барады. Қыста кіреберіс есік жабылып тұрды, қазір ашық қалды. Бұл үй іргетасының отырып жатқанын дәлелдейді. Былтыр дабыл қағып, Мәртөк аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық бөліміне хабар бердік. Олар тұрғындардың өздері апатты деп тану жолын қарастыруы керек деп отыр. Оған бір емес, барлық тұрғын арыз жазуы тиіс. Ал төрт пәтердің үшеуі аудандық ТҮКШ бөліміне қарайды, — деді тұрғын Роза Қоразова.
Кейін Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақовпен кездесіп, мәселені ашық айтады. Ауданда комиссия құрылып, үйге тексеру жұмысы жүрді.
— Аудан әкімі таяуда қайта келіп, қарады. Үйдің іргетасын өзіміз жөндеуіміз керек екен. Содан кейін үйді бекіту үшін жан-жағынан тарттырып тастайды. Бірақ үйдің іргетасы ортақ мүлік, оны бір пәтердің иесі өз еркімен жөндей алмайды. Шағым жазып, облыс әкімдігіне жолдадым. Олар шағымды Мәртөк ауданы әкімдігіне қайта бағыттаған. Неге ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейді? Мен мүмкін емес нәрсе сұрамаймын. Анам ІІ топ мүгедегі және ол осы үйде қиранды астында қаламын деп қорықпай тұрғысы келеді, — деді Роза Қоразова.
Мәртөк ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 2025 жылы тұрғын арыз жазып, үйде техникалық бағалау жүргізілді. Тәуелсіз бағалаушылар екі қабатты үйді апатты деп танымады, яғни жөндеуге жарамды.
— Күрделі жөндеу жұмыстарына деп жобалық-сметалық құжат дайындалады. Кейін ол сараптамаға жіберіледі. Құжат дайындау үшін қаржы сұрап отырмыз. Таяуда аудандық мәслихат отырысы өтеді. Жөндеу жұмыстарының мерзімі туралы нақты айта алмаймыз, — деді Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Қалимағамбетов.
Еске салсақ, бұған дейін осы аудандағы Жайсаң ауылы туралы жазылды. Мұнда да екі қабатты үй жөндеуді қажет етіп тұр. Алайда оның нақты иесі әзірге белгісіз.