Ақтөбеде карбамид өндіретін жаңа зауыт 2029 жылы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы CNPC-мен бірлесіп Ақтөбе облысында жылына 800 мың тонна карбамид өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруға кірісті. Жобаны пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлім етті.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарымен әріптестік аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті-мен бірлесіп карбамидті қаптауға арналған күкірт-полимер өндіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау көзделіп отыр.
— Күкірт-полимер өндіру ауыл шаруашылығында карбамидті қолдану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Асхат Хасенов.
Сонымен қатар компания ғылыми-зерттеу қызметін дамыту шеңберінде көміртегі ізін азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте сутегі энергетикасын дамыту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.
— Біріншіден, жаңартылатын энергия көздері негізінде «жасыл» сутегі өндіретін эксперименттік қондырғы әзірленді. Электролизер қуаты 20 кВт болған жағдайда сутегі өндіру көлемі сағатына 5 қалыпты текше метрге жетті. Ал электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіші сағатына 32 мың кВт болды (2025 жыл), — деді ол.
Сонымен қатар ол сутегіні сақтау және тасымалдауға арналған арнайы қорытпалар әзірленіп, жүргізілген зерттеулер нәтижесінде материал құрамындағы сутегі мөлшері қорытпа массасының 0,8%-ына жетті (халықаралық стандарт — 1,5-2%) деп мәлімдеді.
Спикер сутегіні электр және жылу энергиясын өндіруде қолданудың халықаралық тәжірибесі зерделеніп жатқанын айтып, Қазақстанда алғаш рет сутегі энергетикасының әлеуетін бағалауға арналған цифрлық платформа әзірленгенін атап өтті.
— Аталған жүйе өңірлердің су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейін, күн және жел энергетикасының мүмкіндіктерін, сондай-ақ сутегі өндірісінің әлеуеті мен өзіндік құнын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді, — деп толықтырды компания өкілі.
Бұған дейін ҚазМұнайГаз 80 технологиялық жобаны жүзеге асырып жатқанын жазғанбыз.
Сонымен қатар елде 4,7 млрд тоннаға жуық шартты отыны бар жерлерге геологиялық барлау жобасы жасалғанын хабарлағанбыз.