Ақтөбеде қайықпен қатынап жүрген ауданда техникалық көпір іске қосылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазір Ойыл өзені арқылы көлікпен алма-кезек өтуге болады. Жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында тұрғындар апта бойы қайықпен қатынады. Бұл проблеманы тез шешу үшін техникалық көпір салынды.

— Техникалық көпір біржолақты бағыттағы қозғалысқа арналған. Уақытша көпірден жеңіл көліктер кезектесіп өткізіледі. Ауыр жүр көліктерінің жүруіне тыйым салынады. Сондықтан жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз, — деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбеков.
Құрылысқа 25 арнайы техника және 70-тен астам адам тартылды. Олар тәулік бойы жұмыс істеді.
Еске салсақ, 15 наурыз күні Ойыл ауданына кіреберістегі уақытша өткелді су шайды.
Ал 17 наурыз күні техникалық көпір құрылысы басталды. Бұл аудандағы көпір былтыр тасқында зақымданды. Биыл сараптама қорытындысы шығып, қалпына келтіретін мердігер анықталды.