Ақтөбеде қиыршық тас өндіретін компанияға 10 млрд теңге айыппұл салынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жыл басынан бері экологтар 200-ден астам әкімшілік айыппұл салды. Ең үлкен сома – 10 млрд теңге.
Биыл бірінші жартыжылдықта экологтар өңірдегі 70 кәсіпкерлік субъектісіне бақылау жүргізді. Бақылау кезінде 400-ден астам бұзушылық анықталған.
- 6 айында жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асатын 228 әкімшілік айыппұл салынды. Оның тек 400 млн теңгеге жуығы өндірілді. Мәселен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-не 252 млн теңгеге екі әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді. Сонымен бірге «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-не 11 әкімшілік айыппұл салынып, төленді. Ол 20 млн теңгеге жуық қаржы. «Тау-Кен» ЖШС-нен 17 млн теңге, «Gas Processing Company» ЖШС-нен 45 млн теңге өндірілді. Тек «Мұғалжар инертті материалдар зауыты» ЖШС әлі айыппұлды өтемеді. Сомасы – 10 млрд теңге. Бұл компанияға сәуір айында тексеру жүргізілді. Қиыршық тас өндіру кезінде шаңды басып, су себуі тиіс еді. Бірақ бұл талап орындалмаған. Егер айыппұлды төлемесе сотқа жүгініп, істі сот орындаушыларға жібереміз. Компания үнсіз отыр, департаментке де, министрлікке де қарсы шағым бермеді,- деді Ақтөбе облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Айта кетейік, өндірісті өңірдегі мұнай-газ және тау-кен саласында өнеркәсіптік шығарындылардың үлесі әлі де басым. Былтыр жалпы көлемі 44,6 мың тонна болды. Биыл көлемі 5% төмендеді.
Еске салсақ, Қызылордада экология талабын бұзған кәсіпорындарға 3,5 млн теңгеден аса айыппұл салынды.