Ақтөбеде қылмыстық жауапқа тартылған екі әкімнің орнына жаңасы сайланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Хромтау және Қандыағаш қалаларындағы сайлау қорытындысы бүгін шықты. Екі аудан орталығы таңдауды кеше жасады.
Ақтөбеде аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлауға 2 аумақтық және 21 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. 2 сайлау округі бойынша 6 кандидат ұсынылды. Оның біреуі «Amanat» партиясынан, қалғаны өзін-өзі ұсынушы. Кандидаттардың бесеуі мемлекеттік қызметші болса, біреуі – үкіметтік емес ұйым қызметкері. Сайлау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметші мен үкіметтік емес ұйым қызметкері ең көп дауыс жинады.
– Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы әкімінің сайлауы өтті. Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 21 648 азамат енгізілді. Олардың ішінде 3 997 азамат дауыс берді. Жарамсыз бюллетеньдер саны – 239, ал 44-і бәріне қарсы дауыс берді. «Amanat» партиясының кеңесшісі Данияр Шерниязов Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланды, - деп хабарлады Мұғалжар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.

Ал Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 18 630 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді. Оның 6 542-і дауыс берді. Жарамсыз бюллетеньдер саны – 34, «бәріне қарсымын» белгісін қойылғаны – 12.
– Хромтау қаласы әкімінің орынбасары, «Amanat» партиясынан ұсынылған Кеңшілік Битанов Хромтау қаласының әкімі болып сайланды. Ол 4 561 дауыс жинады. Кеңшілік Битанов 1991 жылы дүниеге келген, - деп хабарлады Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.
Еске салсақ, Қандыағаш қаласының әкімі әйелді ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып, айыппұл арқалады. Апелляциялық шағымда сот алқасының қаулысымен айыппұл түріндегі жаза мөлшері 295 360 теңгеге дейін төмендетілді. Ал жәбірленуші пайдасына өндірілген өкілге төленген шығынның мөлшері 300 000 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ал Хромтау қаласының әкімі әкімі Сағындық Шабықбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, алған параның 30 еселенген сомасы, яғни, 12 млн теңге айыппұл салынды. Түпкілікті 11 355 151 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.