Ақтөбеде қысқы демалыста оқушыларға үйірмелер ұйымдастырылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қысқы каникулда оқушылар кітап оқу, түрлі қолөнер үйірмелеріне қатыса алады. Сонымен бірге психологиялық қолдау орталығы ата-ана мен балалар, педагогтерге тренинг өткізеді.
Ақтөбелік оқушылар Жаңа жыл мерекесінен кейін мектептерде ұйымдастырылатын үйірмелерге қатыса алады. Мектепте кітап оқу, театрландырылған фестиваль мен кештер өтеді. Сонымен бірге қолөнер үйірмелері жұмыс істейді.
- Қауіпсіздік сабақтары да қатар ұйымдастырылады. Сонымен бірге музей, ғылыми орталықтар мен тарихи орындарға барып, спорттық шараларға қатысады. Қайырымдылық акциясы да өтеді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ал «Жан ахуал» психологиялық қолдау орталығы оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге тренинг ұйымдастырады.
- Мамандар балалар мен жасөспірімдердің көңілін көтеріп, өзін-өзі тануына көмектеседі.
Оқушылар бір-бірін түсініп, өзін бағалауды да меңгереді. Жеке шекараны қорғау, алға мақсат қойып, болашақ жоспарын құру психологиялық тренингі өтеді. Ата-аналар болса баламен тіл табысу, оларды түсінуді үйренеді. Орталықта Call орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Биыл 900-ден астам адам хабарласты. Жалпы орталықта 2 мыңнан астам адам консультация алса, оның көбі бала,- деп хабарлады «Жан ахуалы» орталығы.
Айта кетейік, елімізде қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29 желтоқсаны мен 2026 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады.