Ақтөбеде қызметтік қаруымен жездесін атқан учаскелік инспектор сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сот полиция қызметкеріне 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.

кісен, полиция
Фото: Kazinform

Іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Учаскелік инспекторға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігімен, яғни, адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға оқталу бабымен қозғалды.

— Сотталушы К. жәбірленушімен бірге алкогольдік ішімдік ішеді. Өзара жанжал туған кезде қызметтік тапаншасын алып, төрт рет оқ атқан. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сотталушы К. кінәсін ішінара мойындады. Сот сотталушының қылмысты алкогольден масаң күйде және полиция қызметкері бола тұра жасағанын ескеріп, жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды. Сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, оқиға биыл наурыз айында болды. Полицей қызметтік қарудан оқ атып, жараланған адам ауруханаға жеткізілді.