Ақтөбеде қоқыстан шақалақ табылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ұл бала аман қалды. Қазір балалар ауруханасында жатыр.

сәби
Фото: gov.kz

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, баланы пакетке салып, қоқыс контейнері маңына лақтырып кеткен. Пакеттің жыбырлап жатқанын көрген ақтөбеліктердің бірі полицияға хабар берді.

- Жаңа туған сәби пакет ішінен табылды. Нәресте полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында дер кезінде медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта жаңа туған бала дәрігерлердің бақылауында. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері сәбидің анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазір шақалақ облыстық балалар ауруханасында жатыр.

- Жаңа туған нәрестенің салмағы 2900 грамм. Ол жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты ауыр. Барлық қажетті диагностикалық және емдеу шаралары жүргізіліп жатыр,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр қыста Орал қаласында қоқыс контейнерінен шақалақ табылды. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен жазғандай, қылмыстық іс қозғалып, анасын іздестіру жұмыстары жүргізілгенімен, оның мекенжайы анықталған жоқ.