Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған баланы асырап алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Батыр есімді сәби «Үміт» балалар үйінде бірер апта ғана болды. Деректерді порталға салған сәттен-ақ асырап алуға өтініш түскен.
Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданынан табылған шақалақ әуелі Қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап, 10 маусым күні балалар үйіне жіберілді. Батыр есімді сәби балалар үйіне түскен соң құжаттары рәсімделіп, асырап алушылар табылды.
— Сәби балалар үйіне 10 маусым күні түсті. Содан кейін туу туралы куәлігі дайын болып, бала асырап алу порталына тіркелді. Өтініш білдірген адам келіп, баланы көрді, кездесті. Кейін өтініші заң аясында қанағаттандырылды. Баланы алдыңғы аптада алып кетті, — деді «Үміт» балалар үйінің бас дәрігері Серік Айтукин.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әзірге баланың туған анасы табылмады. Іздестіру жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Еске салайық, биыл мамыр айында Ақтөбеде қоқыс маңынан шақалақ табылды. Жаңа туған нәрестенің салмағы 2 900 грамм болды. Ол жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді.