Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы жанып жатыр
Қоқыс полигонындағы өрт туралы ақпарат түскен кезде оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінен 14 адам мен екі техника жіберілген. Сонымен бірге полигонға жауапты серіктестік те өз қызметкерлері мен техникасын шығарды. Өрт шыққан аумақта түні бойы жұмыс жүрді. Бықсып жатқан түтінді басу үшін мамандар әлі де алаңда жүр.
Тамыз айының басында қоқыс полигонында кезекті рет өрт шыққан болатын. Жалпы жыл басталғалы полигонда 10 рет от тұтанды.
«Экологтар санитарлық бақылау аймағынан тиісті өлшемдерін алып отырды. Мәселен 12 тамыз күні алынған сынамаларда көміртек тотығының шамадан 2 есе артқаны белгілі болды. Департамент тарапынан өкілетті органға тиісті құжаттар жіберді. «Табыс» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін бұл маңызды. Себебі полигон серіктестікке тиесілі. Оны тексеруге рұқсат жоқ. Прокуратура рұқсат берсе, барамыз», - деді Ақтөбе облыстық Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Кәрібаев.
Ақтөбедегі қоқыс полигонының ауданы – 60 мың гектар. Бүгінде 800-1000 га аумақ жанған.
«Кешеден бастап жанып жатыр. Қазіргі кезде мұнда өрт сөндірушілермен қатар полигон жұмысшылары жүр. Толық сөндіру үшін құм төгіп жатырмыз. Алдағы уақытта мұнда жаңа полигон салынады», - деді «Табыс Ақтөбе» ЖШС директорының міндетін атқарушы Асанәлі Хайдаров.