Ақтөбеде көлігімен дрифт жасаған жүргізушілерге айыппұл салынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қаланың бас даңғылында дрифт жасаған жүргізушіге 4 әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы бір жүргізуші той кортежінде жүріп, қауіпті маневр жасағаны үшін жазаланды.
Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы алдында дрифт жасаған жүргізуші бұған дейін де жылдамдықты асырып, 9 айыппұл арқалаған. Соған қарамастан тағы да заң бұзып, оған 4 хаттама толтырылды.
- BMW автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырғаны үшін салынған 9 айыппұлды төлемеген. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Сонымен бірге үйлену тойы кортежінде Chery Tiggo автокөлігінің жүргізуші қауіпті маневр жасаған, жолаушылар көліктің терезесінен шығып тұрған. Жүргізушіге қатысты 3 әкімшілік хаттама, ал жолаушыларға қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, полицияның әлеуметтік желіге жүргізген мониторингі нәтижесінде Түркістандағы көшелердің бірінде BMW автокөлігінің жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, дрифт жасағаны анықталды.