Ақтөбеде құмар ойынға салынған әскери қызметші жұмысынан айырылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – 2020-2024 жылдар аралығында құмар ойын ойнаған әскери қызметші сотқа шағым түсірді. Ол қызметке қайта оралуды сұрады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері өзі қызмет еткен әскери бөлімді сотқа берді. Ақтөбе әскери сотында анықталғандай, ол 2020-2024 жылдары құмар ойын ойнаған. Бұл туралы қызметтік тексеру кезінде мәлім болып, тексеру комиссиясы былтыр қыркүйек айында жұмыстан шығару туралы ұсыныс берген. Әскери қызметші дәл сол күні бала күтімімен декреттік демалыс алуға шешім қабылдап, өтініш жазады. Өтініш қабылданып, шешім шығарылғанымен көп ұзамай бұйрықтың күші жойылады. Ал декреттік демалысқа шығуына рұқсат берген жауапты әскери қызметшілер тәртіптік жазаға тартылады. Сөйтіп 2025 жылдың қыркүйек айында подполковник жұмыстан шығарылады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері бұл шешімге келіспей, сотқа шағым түсірді. Өзі емес, әйелінің бәс тіккенін айтты. Ал жауапкер «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5515 әскери бөлімі шағымды қараусыз қалдыруды, оның 2025 жылы да спорттық ойындарға бәс тіккенін, шығыны жалақысынан асып түскенін алға тартты.
Іс материалына сүйенсек, әскери қызметші 2024 жылдың сәуір айында eGov порталы арқылы құмар ойынға шектеу қойған. Шектеу бір жылға созылды. 2025 жың сәуір айынан маусым айына дейінгі аралықта қандай да бір шешім қабылдамаған. Ал Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы осы аралықты қамтып, букмекерлік кеңсеге сұраныс жіберді. Екі аптада 1 млн теңгеден астам ақшасын ұттырғанын анықтады. Сотта әскери қызметшінің әйелі волейбол және баскетбол ойындарына бәс тіккенін айтқанымен, оның жолын көрсете алмады. Әрі телефон нөмірі әскери қызметшінің әйелі емес, өзінің атына тіркелген. Ол бірнеше рет қаржы ұйымдарынан ақша алып, оны құмар ойынға салып отырған.
Сот әскери қызметшінің шағымын қанағаттандырмады. Жұмыстан шығару туралы шешім өзгеріссіз қалды.
Еске салсақ, былтыр елімізде 200 мыңға жуық адам өзіне құмар ойын ойнауға тыйым салды.