Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған мектептің асханасы істемей тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мектептің желдеткіші іске қосылмаған. Салдарынан асханада тамақ істеу мүмкін емес. Ата-аналар спорт зал мен асхана, оқу бөлмелеріндегі кемшілікті жоюды талап етті.
Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №5мектеп құрылысы 2023 жылы аяқталып, қабылданды. Алайда мұндағы құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмей, қазіргі кезде тапсырыс беруші мердігермен байланысқа шыға алмай отыр. Ал ата-аналар мұндағы кемшіліктерді жоюды талап етті.
– 2018 жылы басталған 320 орындық жаңа мектеп құрылысына 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Соған қармастан нысан әлі күнге дейін толық аяқталмай, пайдалануға берілген. Бүгінде ғимаратта спорт зал, асхана және оқу бөлмелерінде құрылыс кемшіліктері жойылмаған. Кәріз, суағар желілері жобаға сай емес. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Мектеп ауласы ретке келтірілмеген. Балаларға арналған ойын алаңы мен санитарлық жағдай қарастырылмаған, - деді ата-аналар үндеуінде.
2025 жылы маусымда Шалқар аудандық сотында, биыл тамыз айында Ақтөбе облыстық сотында кейін тағы Шалқар аудандық сотында қаулы шығарылып, әкімдік пен прокуратураға жекеше қаулы берілді. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, №5 мектепке қатысты бірнеше шағым қаралған. Шалқар аудандық сотындағы қаулыға сүйенсек, мектепте өрт дабылы қондырғылары жарамсыз күйде және өртке қарсы су құбыры жасақталмағаны анықталған. Әкімшілік хаттама толтырылғанымен мектеп басшылығы құрылыстың қабылданбағанын айтқан. Яғни өрт сөндірушілердің де тексеруі мен хаттамасын заңсыз деп есептеген. Сот Шалқар ауданы әкіміне кемшілікті жою туралы жекеше қаулы шығарды.
Айта кетейік, Шалқар қаласында орналасқан мектеп жанындағы қосымша құрылыс 2018 жылы жоспарланды. Сол кезде жобаға Шалқар ауданының білім бөлімі тапсырыс берді. Алғашында қызылордалық «Атамекен» ЖШС-і мердігер ретінде талынып, құрылысқа 900 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Келісімшарт бойынша мектеп 2019 жылдың соңында қолданысқа берілуі тиіс еді. Құрылыс дер кезінде аяқталмай, кемшіліктер анықталған соң ақаулық актісі жасалды. Сөйтіп 2021 жылы мектеп құрылысын аяқтау үшін Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырыс беруші деп танылды. Жобалық-сметалық құжатқа қайта өзгерту енгізілді. «Атамекен» ЖШС-і ол кезде борышкерлердің бірыңғай тізілімінде болып, келісімшарт біржақты үзілді.
– Қайта конкурс өткізіліп, түркістандық «ГрадСтройСервис» ЖШС-і мердігер ретінде танылды. Келісім сомасы - 529 822 364 теңге. Нысан 2023 жылдың 26 желтоқсанында пайдалануға қабылданды. Пайдалануға беру барысында 34 млн теңгенің жұмысы атқарылмаған соң сол қаржы кері қайтарылды. Сонымен бірге тексеру кезінде мердігерден тағы 37 млн теңге қайтарылды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Әкімдік желдеткіш желісін іске қосу үшін электр тогын тарту жұмысы атқарылатынын айтты. Алайда мердігер қазіргі кезде байланысқа шықпай қалған. Әрі жосықсыз мердігер тізімінде тұр. Салдарынан мектепте асхана жұмыс істемейді. Ыстық тамақ тек тасымалданады. Бұл кем-кетікті кімнің жөндейтіні әзірге беймәлім.
Еске салсақ, Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған нысандар арасында мектеп, мектеп-балабақша, спорт кешендері мен емдеу орны бар. Ал көпқабатты үйлер мәселесі 2017-2018 жылдардан бері жалғасып келеді.