Ақтөбеде әсері күшті дәрілерді заңсыз өткізген қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында әсері күшті заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Ақтөбеде күшті әсер ететін дәрілерді заңсыз өткізген қылмыстық топ ұсталды
Фото: Polisia.kz

ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әсері күшті заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Алматыдағы дәріханалардың бірінде жұмыс істейтін фармацевт өзінің қызметтік мүмкіндіктерін пайдаланып, күшті әсер ететін заттардың ірі көлемдегі партияларын Ақтөбе облысына жеткізуді ұйымдастырғаны анықталған.

Операция нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушы, оператор, ораушылар және заттарды жасырумен айналысқан күдіктілер бар.

Заңсыз айналымнан мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді.

— Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аға жедел уәкілі Үмітбек Фархадов.

Еске салайық, бұған дейін елімізде қауіпті дәрілер енді сот шешімін күтпей сатылымнан алынатынын хабарлағанбыз.