Ақтөбеде «құтырған» мысық тістеген адам ем қабылдап жатыр
Ақтөбе облысы, Қызылжар ауылдық округінде күтпеген жағдай тіркелді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, екі көшеге шектеу қойылған болатын.Қазіргі кезде барлық малға, ит пен мысыққа вакцина егіліп жатыр.
«Қаңтар айының басында Болат Жолдыбаевты өзінің мысығы тістеп алған. Құрылыс ауылындағы жағдайға байланысты ветеринарлар мысықты алып, сараптама жасады. Тексеру кезінде құтырма дерті анықталды. Кейін ауылда шектеу қойылып, бұл екі көшені қамтыды. Қазіргі кезде Болат Жолдыбаевтың екі иті, ірі қара малына вакцина берілді. Алдағы уақытта екі көшеде тұратын адамдардың барлық малына вакцина егіледі. Тіпті, мысық пен итке де екпе жасалады»,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Гүлсара Келебаева.
Айта кетейік, шектеу шарасы кезінде малды қорадан шығаруға болмайды. Итті де байлап ұстау керек. Залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр.