Ақтөбеде майлы дақыл мен мал азығы алқабының көлемі артады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде былтырға қарағанда биыл егін алқабының көлемі 70 мың гектарға артады. Әсіресе майлы дақыл мен мал азығы алқабы өсті.

қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Ақтөбеде 806 мың гектар алқапта көктемгі далалық жұмыс жүргізіледі. Оның 458 мың га дәнді дақыл, 67 мың га майлы дақыл, 274 мың га мал егіледі. Сонымен бірге 3,5 мың га картоп, 2,5 мың га өзге көкөніс өсіріледі.

- Биыл 45 мың тонна тұқым жиналды. Тұқымды тексеру жұмысы жүріп жатыр. Көктемгі далалық жұмыстарға 1500 трактор, 1400 жер өңдеу агрегаты, 100-ден астам егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі уақытта техника дайындау жұмысы жалғасып жатыр. Өңірге 6,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бәрі шаруаларға беріледі. Баға нарықтан 15-20 пайызға арзан. Тіпті өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 1,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Бұл тұқым, минералды тыңайтқыш, пестицидтердің құнын арзандатуға септігін тигізеді, - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Сонымен бірге Аграрлық несие корпорациясы мен «Ақтөбе» ӘКК-ы «Кең дала -2» бағдарламасы аясында үстемақысы 5 пайыз болатын несие беріп жатыр. Бүгінде 4,5 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды. Оның 2,5 млрд теңгесі шаруаларға берілді.

Айта кетейік, Ақтөбеде 500-ден астам шаруашылық егіс жұмыстарымен айналысады. Далалық жұмыс мамыр айында басталады. Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы мен Мәртөк – егісті аудандар.

- Биыл егіс алқабының, соның ішінде майлы дақыл мен мал азығының алқабы артады. Майлы дақыл май зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге керек. Мал басы артқан соң мал азығына да сұраныс өсіп отыр. Бір жылдық және көпжылдық судан, еркекшөп өсіріледі. Көктемгі далалық жұмыстары мамыр айында басталды. Әзірге жер ылғал, техника жүруге келмейді,- деді Нұрбек Райымбаев.

Еске салсақ, биыл елімізде бидай алқабы 187 мың гектарға қысқартылады, есесіне майлы дақылдар ұлғайтылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.

 

Соңғы жаңалықтар