Ақтөбеде медициналық құжаттар құрылыс қалдықтарының арасынан табылды
АСТАНА. KAZINFORM – 3 тамызда әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласының тұрғыны түсірген бейнежазба жарияланды. Кадрларда қала сыртындағы далалық аумаққа қоқыс үйіндісінің төгілгені көрінеді.
Құрылыс қалдықтарының арасынан Ақтөбедегі медициналық мекемелердің біріне тиесілі қызметтік құжаттар, оның ішінде бірнеше есепке алу журналы табылған.
Жарияланымға байланысты полиция қызметкерлері дереу тексеру жүргізді. Нәтижесінде аталған медициналық мекеменің жауапты тұлғалары елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны анықталды.
Құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары жауапты тұлғалармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде медициналық мекеме өкілдері заңсыз төгілген қоқысты өз күштерімен жинап, аумақты тазартты.
Айта кетелік биыл Астанада 122 заңсыз қоқыс орны анықталған еді.