Ақтөбеде мектеп жанында 700-ге жуық лагерь жұмыс істейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жазғы лагерь кезінде 5 мыңға педагог жұмыс істейді. Сонымен бірге осы салада оқып жүрген 150 студент те қызметке орналасады.
Ақтөбе облысында лагерьлердің жазғы маусымға дайындығы аяқталды. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жазғы маусымда 7 сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдары жанындағы 49 жазғы алаң жұмыс істейді.
— Қала сыртындағы лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізілді. Сауықтыру орталықтары балаларды қабылдауға дайын. Өңірдегі барлық лагерьдің тиісті медициналық лицензиясы бар. Мектеп жанындағы лагерьлер 3 ауысымда 10 күннен жұмыс істеп, 167 471 баланы қамтиды. Өңірдегі 49 қосымша білім беру ұйымы 25 684 баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырады. Жетім, ата-анақамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары және ерекше балалар, құқық қорғау органдарының есебіне алынған және қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылар мен балалар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалады. Арнайы санаттағы балалар түгел қамтылады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жазғы лагерь кезінде 4850 педагог жұмыс істейді. Сонымен бірге педагог мамандығы бойынша білім алып жүрген 150 студент еңбекке араласады. Педагог және кіші қызметкердің бәрі міндетті түрде құқық қорғау органдары тарапынан тексеруден өтеді.
— Цифрландыру және жасанды интеллект бағыты аясында «АІдемалыс», «Таза Қазақстан» шеңберінде «Экосана» жобалары іске асырылады. Жоба аясында 1000 балаға жазғы демалыс ұйымдастырылады. «Skills camp» жобасы шеңберінде 3000 оқушы уақытша «студенттік билет» алып, екі апта колледждерде инженерлік, компьютерлік графика, Web-дизайн, ақпараттық кабельдік желілер, робототехника, электроника, шаштараз ісі, аспаздық, көлік жөндеу бойынша алғашқы дағдыларды меңгереді. Биыл алғаш рет Қобда ауданындағы «Әлия» жазғы сауықтыру лагерінің базасында «Шабандоз» жобасы ұйымдастырылады. Жоба аясында қатысушылар жылқыға күтім жасап, атқа мінуді үйренеді, ұлттық ат спорты туралы терең біледі. Дарынды балаларды қолдау және олардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту мақсатында «Зияткер» жазғы мектебі, тарихи-мәдени мұраны сақтау және балалар туризмін дамыту мақсатында «Тарих ізімен» жобалары екінші жыл қатарынан ұйымдастырылады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жасағына 693, «Спарта» шаруа қожалығына 20, мектеп орманшылығына 2 000, мектеп аулаларында көгалдандыруға 1000 бала тартылады. 35 мыңнан астам оқушы туристік саяхатқа шығып, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдарда 25 мыңнан астам бала тынығады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл бастама балалардың демалысы, оқуы және сауықтырылуы үшін бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған.