Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама аясында сапасыз үй салған құрылысшылар сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй салған құрылыс компаниясының басшылары мен техникалық бақылаушылар сотталды. Олар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбе үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Машат» ЖШС басшысы Ф.Жанпейісов, «Агро-Сервис» ЖШС басшысының орынбасары С.Аяпбергеновке қатысты Қылмыстық кодекстің «Сапасыз салынған құрылыс», «Алаяқтық» баптары және техникалық бақылаушылар Ж.Кенжебаев, Р.Досовқа қатысты «Алаяқтық», «Сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтік қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау» баптары бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2017-2019 жылдар аралығында Ф.Жанпейісов С.Аяпбергенов, Ж.Кенжебаев, Р.Досовпен алдын ала сөз байласып, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Қарғалы тұрғын алабының №39 «К» және №40 «К» тұрғын үйлерін салады. Құрылыс кезінде жобалық-сметалық талаптар сақталмайды, сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Нәтижесінде бес қабатты екі үй апатты деп танылды. Іс бойынша 46 тұлға жәбірленуші бар. 

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама аясында сапасыз үй салған құрылысшылар сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Сот отырысында сотталушылар кінәсін мойындамады. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауабы кезінде және сараптама қорытындысы негізінде дәлелденді. Сот үкімімен сотталушылар Ф.Жанпейісов С.Аяпбергеновтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Техникалық бақылаушылар Ж.Кенжебаев, Р.Досовтің мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл инженерлік қызметтер саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, тергеу кезінде мемлекетке келген шығын 337 465 676 теңге және тұрғындарға келген шығын 291 620 025 теңге деп есептеледі. 

Соңғы жаңалықтар