Ақтөбедегі мейрамханада астан уланғандар емін аяқтады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде мейрамханада астан уланғандардың бәрі ауруханадан шығарылды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабалауынша, Қандыағаш пен Ақтөбе қаласында ем қабылдаған науқастың бәрі өз үйіне оралды. Ал полиция тергеуді жалғастырып жатыр.
— Ақтөбе облыстық санитариялық-эпедемилогиялық бақылау департаментінен сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Тергеу жалғасып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды.
Жаппай астан улану фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қоғамдық тамақтану нысанының жұмысын уақытша тоқтатты.