Ақтөбеде монша мен қонақүйлердің жұмысы жанданады

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанованың айтуынша, монша, сауна, кэмпинг, қонақүй мен хостелдер жұмысын бастайды.
«Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ең алдымен санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтауы тиіс. Жұмысшыларды қорғаныш құралымен қамтамасыз ету міндеттеледі. Арнайы рұқсат алу мобильді қосымша арқылы іске асырылып жатыр», - деді А.Даржанова.
Қазіргі кезде қалада ірі базалар жабық тұр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, әзірге штаб шешімі шықпады.
«Өте көп адам баратын жер әлі де қауіпті. Сондықтан, оны төртінші кезеңге қалдырып отырмыз. Егер шағын дүкендер санитарлық талапты сақтамаса, департаментке хабар берсе болады. Біз тексеріп, қажет болса жабамыз», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.