Ақтөбеде мұғалімдерге төрт айдан бері жалақы бермеген мектеп әкімшілігіне айыппұл салынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Білім», «Смарт білім» мектебінің әкімшілігі 300 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Ал мұғалімдер әлі де жалақы ала алмай отыр.
Ақтөбедегі жеке мектеп мұғалімдері бүгін тағы да аймақ журналистерін шақырып, арыз-шағымын айтты. Олардың көбі несиені уақытылы өтей алмай, «қара тізімге» еніп кеткен. Сонымен бірге таныс-тамырларына да қарыз.
— Мен мектеп ашылғаннан бері жұмыс істеймін. Тамыздан бастап, төрт айдан бері жалақы алмадық. Сабаққа кедергі келтірмедік, бәрі өз уақытымен өтіп жатыр. Бірақ жалақы жоқ. Әкімнен, облыс әкімінен, оқу бөлімінен көмек сұраймыз. Мұғалімдердің бәрі қарыз алған және несиелері бар. Тіпті қазір көбі «қара тізімге» кіріп кетті. Ипотека, басқа да кредит бар. Бізге 10 күнде төленеді деді. Дәл осылай 10 күн сайын алдағы 10 күнде деп уәде беріп келеді. Өте көп мұғалім жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Әлі де шығып жатыр. 500 мұғалім болса, 100-150 мұғалім шықты. Төрт ай бойы не киіп, не ішіп жатыр? Ешкім алаңдамайды, — деді мектеп мұғалімі Гүлмира Жүсіпова.

Дәл осы мектептің мұғалімі Нұргүл Төлеубаева да банктің ешқайсысы да кешіріммен қарамайтынын айтты. Ал декреттік демалысқа шығатын мұғалімдер арнайы төлемсіз қайда барарын білмейді. Дегенмен мұғалімдер еңбек инспекциясы департаментіне барып шағым түсірмеген. Инспекция мәселені әлеуметтік желі арқылы ғана көріп отыр. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87-1-бабы бойынша айыппұл да салды.
— Ақтөбе қаласы прокуратурасынан ұсыныс келіп түсті. Сол ұсыныс бойынша заңды тұлғаға заңмен белгіленген мерзімде еңбекақыны төлемегені үшін шамамен 300 мың теңге айыппұл салынды. Егер қызметкерлер «еңбек заңнамасы бұзылды» деп департаментке шағым түсірсе, тексеру жүргізіледі. Кешіктірсе әр күнге өсімақы төлеуі тиіс, — деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Ақылбек Зейноллаұлы.

Мектеп әкімшілігі өтемақыға ақша мүлде қарастырылмағанын айтты.
— Қаржыландырмау мәселесі соңғы үш жылда кездесіп тұр. Алғашында Ғылым және білім министрлігі, Оқу ағарту министрлігі болды. Қаржыландыруды Қаржы министрлігіне аударып, жаңадан платформа ойлап тапты. Уақтылы жалақы төлемеген соң бізге де айыппұл салды. Ұстаздарға өтемақы төлеу туралы мәселе көтеріліп жатыр. Білім басқармасымен, еңбек инспекциясымен бірге шешпесек, ондай қаражат біздің тараптан қарастырылмаған. Мектеп балаларға толығымен ақысыз білім бергендіктен біздің есепшотымызда ондай қаражат жоқ, — деді «Білім» және «Смарт білім» мектептерінің директоры Айгүл Арызғазиева.
Айта кетейік, әр балаға жылына 570 мың теңге аударылады. Ақтөбе облысы бойынша барлығы 29 жеке мектеп мемлекеттік тапсырыс алады. Оның ішінде «Білім» және «Смарт білім» мектебінде 8 мыңнан астам оқушы оқиды. Онда 579 педагог тіркелген.
— Биыл мамыр айынан бастап қаржыландыру жергілікті бюджетке берілді. Қазір министрлік жаңа механизмді іске қосып, деректер «Е-Қазына» платформасына енгізіліп жатыр. Бүгін оқушылар саны түгел енгізіліп, келісімшарт аясында қаржыландыру жүреді. Жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 1,4 млрд теңгесі осы «Смарт білім» мектебіне тиесілі, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде жеке мектеп мұғалімдері 4 айдан бері жалақы ала алмай отыр. Екі жеке мектепте 741 қызметкер бар.